Облыс орталығында жас кәсіпкерлерге арналған "Жастар Бизнес HUB" бизнес үйі ашылады. Бұл туралы Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Руслан Тілеулесов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Бұл бастама жас кәсіпкерлер тарапынан ұсынылды. Жастар арасында бизнес ісін жүргізуде қиыншылыққа тап болатын жағдайлар кездесіп жатады. Мысалы, бір жас адамның бизнесіне грант беріледі. Ол адам жарты немесе бір жыл уақыт өткеннен кейін өз жолын таппағандығын хабарлайды. Ол ақшаны орынымен жұмсаса да, ісі алға баспай жатады. Осындай олқылықтар орын алмас үшін бизнес үйі аяққа тұрған кәсіпкерлер мен жаңа бстаған кәсіпкерлердің басын біріктіретін алаң болмақ", – деді Руслан Тілеулесов.
Басқарма басшысының айтуынша, жастарға арналған бизнес үйінің орыны әлі белгіленбеген. Дегенмен, бұрынғы "ҚазТрансОйл" АҚ филиалы орналасқан ғимаратта ашылатын "Инвесторлар үйінде" орналасуы мүмкін.
"Биыл өңірімізде жастар арасында 100-ден кем емес бизнес жобаны жүзеге асырып, 1000-нан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бизнес қарқынды дамуда. Соған сай жастар да бизнеске белсенді келуде. Бұрын жастар кофехана, хот-дог сататын кішігірім орын ашуға қызықса, бүгінде жиһаз құрастыру цехын ашу, киім өндіру, алюминий радиаторлар өндіру сияқты бастамаларды қолға алуда. Яғни, жастар бизнесі басқа нарыққа шықты", – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, мемлекеттік кіріс органына тіркелген ресми мәлімет бойынша өңірде 29 жасқа дейінгі 1000-ға жуық кәсіпкер бар.