Жас мамандарға 10 млн теңге сыйақы беру ұсынылды

352

Кадр тапшылығын миллиондармен шешпек. 

Жас мамандарға 10 млн теңге сыйақы беру ұсынылды Фото: pexels.com

Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасындағылар жас мамандарға берілетін бір реттік сыйақы мөлшерін бірнеше есеге көтеруді ұсынды. Бүгінге дейін өзге өңірлерден ауысқан дәрігерлер 3-5 млн теңге алып келсе, енді ол қаржы 10 млн теңгеге дейін артуы мүмкін. Биліктегілер тіпті алғашқы жарнасыз пәтер алу жағын да реттемек, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ақтөре Нұрмағанбет резидентураны мұнайлы өңірдегі облыстық аурухана қаржысына оқыды. Сол себепті жас маман Атырау облысында 5 жыл жұмыс істеуге міндетті. Осы өңірге келгеніне жарты жылдан асқан ангиохирург әлі бір реттік сыйақысын алмаған. 3-5 млн теңге қолға тисе, "бұл  жастар үшін үлкен мүмкіндік" дейді.

"Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына байланысты бізге әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Менің ойымша бұл  жастарға өте үлкен мүмкіндік. Өйткені қазіргі жастар үшін пәтер мәселесі, жұмыс мәселесі өте өзекті", - дейді жас маман Ақтөре Нұрмағанбет.

Бүгінде өңірдегі медицина саласында 160-тан астам маман жетіспейді. Әсіресе, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог, хирург пен травмотолог ауадай қажет. Жыл сайын бұл проблеманы шешу үшін қыруар қаржы бөлінсе де, мәселе әлі өзекті. Амалы таусылған басқармадағылар енді өңірге келетін жас мамандарға берілетін бір реттік сыйақы мөлшерін 10 млн теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр.

"Сондай ұсыныс қарастырылуда қазір. Яғни, мәслихаттың шешіміне сәйкес ол бір реттік төленетін жәрдемақыны 10 млн теңгеге дейін көтеру, сол отырыстарда қаралады алдағы уақытта. Маман тапшылығын жою үшін сондай жұмыстарды атқарамыз алдағы уақытта", - деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Ержанұлы.

Одан бөлек баспана проблемасын да бір жақты етпек. Ол үшін "Отбасы банкіне" бюджеттен 1 млрд теңге беріп, екіжақты келісімге отырмақшы. Яғни, облысқа келген жас мамандарға алғашқы жарнасыз, әрі 5 пайызбен несиеге пәтер алуды ұйымдастырмақ.

Атырау облысына көбіне Ақтөбе, Орал, Алматы мен Шымкент қалаларынан жас мамандар келеді. Мәселен, былтыр 59, биыл 107 дәрігер ауысып, қызметке орналасқан. Биылғы лек құжаттарын тапсырып қойса да, қолдарына әлі сыйақы тиген жоқ.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу