Қасым-Жомарт Тоқаев: Жасанды интеллектіні Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады

114

Президент жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мемлекет дамуының маңызды басымдығы екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жасанды интеллектіні Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады Фото: aqorda.kz

"Бірақ жайбарақат отыруға болмайды, алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады.

Алайда біз шындыққа тура қарауымыз керек: Жасанды интеллект және цифрландыру мәселенің бәрін бір сәтте шешіп тастамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек.

Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп (этика) нормаларын сақтау. Бір сөзбен, әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету керек", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент жасанды интеллектіні енгізуде заңнамалық негіздің маңыздылығын атап өтті.

"Еліміздегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек, өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтыны анық.

Тағы бір мәселе. Озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес. Сондықтан Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, осы бағытта "Цифрлық кодексті" жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалуда. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалады.

Мемлекет басшысы құжатты асығыс қабылдауға болмайтынын, бұл күрделі әрі жауапты жұмыс екенін жеткізді. Осыған орай Парламентте сарапшылар мен құзырлы мекемелердің қатысуымен арнайы тыңдаулар өткізілген.

"Бір апта бұрын Мәжіліс "Жасанды интеллект туралы" Заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақтылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу