Қазақстан цифрлық трансформация аясында экономиканың негізгі секторларына жасанды интеллект технологияларын енгізуді күшейтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, еліміз мемлекеттік басқару мен бизнес үдерістерінің негізі ретінде жасанды интеллектке басымдық беріп, AI-First архитектурасына көшуде.
Қазіргі таңда өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да бағыттарды қамтитын 72 сала бойынша цифрлық трансформацияның 20 картасы бекітілген. Бұл шешімдер мемлекеттік рәсімдерді жеңілдетіп, кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде қоғам игілігі үшін 50-ден астам жасанды интеллект агенті жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау саласында қолданылып жатқан "Cerebra AI" инсультті ерте анықтау жүйесі енгізілген өңірлерде өлім-жітім көрсеткішін 40 пайызға төмендетуге ықпал еткен.
Сонымен қатар ЖИ-терапевт жүйесі бірқатар клиникада дәрігерлерге көмек көрсетіп, медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Кәсіпкерлік саласында да жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданылуда. Бизнес бастауға арналған ЖИ-көмекші нарықты талдап, кәсіпкерлерге алғашқы кезеңдегі операциялық шығындарды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.