Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов жасанды интеллекттің мемлекеттік қызметте белсенді енгізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда мемлекеттік аппараттың оңтайландыруы ең алдымен әкімшілік процестердің автоматтандырылуына және мемлекеттік функциялардың бәсекелік ортаға беруіне тікелей байланысты. Сондықтан бұл – объективті жалпы процесс. Егер де осы процесс келешекте орын алатын болса, әрине мемлекеттік аппараттың штат саны шектеулі болып келеді. Қазір Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік қызмет қатарын ұлғайтуға 2 жылдық шектеу жасалған. Сондықтан штат саны көбеймейді, керісінше осындай цифрлық технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік функцияларға қажетті функционалды талдау жасау арқылы оларды бір-бірімен қайталанатын міндеттер немесе артық, керек емес, кедергі келтіретін функцияларды жою арқылы мемлекеттік аппараттың жалпы қызметін бюрократиядан арылтуға бірінші кезекте жол ашылады", – деді Салауат Мүксімов Сенат кулуарында.
Бұдан басқа тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік ашылады, деп жалғастырды спикер.
Журналистер "Қаншы мемлекеттік қызметкер қысқартуға түседі?" деп нақтылады.
Салауат Мүксімовтің сөзінше, бұл цифрландыру үрдісіне байланысты.
"Мысалы, мемлекеттік қызмет көрсету саласын алатын болсақ, бізде 300-ден астам мемлекеттік қызмет түрі бар. Оның 90 пайыздан астамы автоматты түрде көрсетіледі. Ал адами факторсыз көрсетілетін қызмет түрлері тек 4 пайызды құрайды. Қалғаны мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты өтініш беру және оның нәтижесін алумен шектеледі. Егер де негізгі қызметтер толықтай автоматтандырылатын болса, әрине осындай қызметке қатысатын азаматтардың қатары қысқарады. Санын айту мүмкін емес", – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары.
Айта кету керек, осыған дейін мемлекеттік органдардың жұмысына жасанды интеллект белсенді енгізілетінін жазғанбыз.