Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президенттің айтуынша, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек.
"Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн. Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады.
Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлегенін жазғанбыз.