Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллектке қатысты мәселеге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, жасанды интеллект саласы кейбір механикалық мамандықтарды ығыстырса, екіншіден жаңа кәсіптердің пайда болуына ықпал етеді.
"Сондықтан мұнда белгілі бір тепе-теңдік сақталады. Бұл жерде адамдарды жаңа мамандықтарға қайта даярлау мәселе туындауы мүмкін. Өйткені кез келген адам жаңа кәсіпті жылдам меңгеруге дайын емес. Сол себепті қайта даярлау мәселесімен жұмыс істеу қажеттігі туындайды, ал оған арнайы заңнамалық нормалардың қажеті жоқ", - деді депутат Екатерина Смышляева.
Мәжіліс депутаты жасанды интеллект барлық мамандық түрлерін алмастырады деп ойлау дұрыс емес деген пікірде.
"Журналист әріптестерім менен "жасанды интеллект депутаттардың орнын басады деп қорықпайсыздар ма?" деп сұрайды. Негізінен шығармашылық пен зияткерлік деңгейі жоғары мамандықтар бойынша қазіргі жасанды интеллект модельдері әлі дамуы тиіс. Себебі модель дұрыс жұмыс істеуі үшін сапалы әрі сенімді деректер қажет. Заң шығару саласына келсек, заң шығару саласын оқитын машинаның өзі қолжетімсіз", - деді ол.