Әлемдегі ең беделді ғылыми жарыстардың біріне биыл 60-тан астам елден 1700-ге жуық жас зерттеуші қатысты.
Қазақстан атынан 7 оқушы 5 ғылыми жобаны ұсынып, ел намысын қорғады. Байқау қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай арнайы жүлделерге ие болды.

Ол "Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты түрде анықтау жүйесі" атты жобасымен MAWHIBA Foundation қорының 400 доллар көлеміндегі ақшалай сыйлығын және Сауд Арабиясындағы Король Фахд атындағы Мұнай және пайдалы қазбалар университетінің (KFUPM) білім грантын жеңіп алды. Жоба жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісікті ерте әрі дәл анықтауға бағытталған.
Regeneron ISEF – мектеп оқушылары арасындағы әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрме. Оны халықаралық ұйымдар мен ірі технологиялық компаниялар қолдайды. Солардың бірі – MAWHIBA Foundation қоры.

Бұл ұйым Сауд Арабиясындағы дарынды оқушылар мен жас ғалымдарды қолдап, олардың ғылым мен технология саласындағы дамуына мүмкіндік береді. Қазақстан бұл байқауға 1999 жылдан бері ұлттық серіктес ретінде тұрақты қатысып келеді.
