Қазақстанда медицина, деректер және жасанды интеллект бірге жұмыс істейтін платформа құрылды

479

Жүйе дене қызуын, қан қысымын, жүрек қызметін, өкпенің жағдайын, ЛОР мүшелерін, тері жағдайын тексеріп, баланың бойы мен салмағын автоматты түрде тіркейді.

Қазақстанда медицина, деректер және жасанды интеллект бірге жұмыс істейтін платформа құрылды Фото: Medhub

Қазақстанда мектеп оқушыларының денсаулығын бақылауға арналған жасанды интеллект технологиялары енгізіле бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба медициналық стартаптарды қолдауға, медициналық деректермен қауіпсіз алмасуға және денсаулық сақтау саласын цифрландыруға бағытталған.

Жоба авторларының айтуынша, бүгінде медицина саласындағы стартаптардың жартысына жуығы қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіздігінен толық дамуға мүмкіндік ала алмай отыр. Сондықтан жаңа платформа инновациялық шешімдерді тәжірибеге енгізуге және оларды дамытуға жағдай жасайды. Жоба аясында енгізілген цифрлық платформалар мектеп оқушыларының профилактикалық медициналық тексерулерін автоматтандырады.

"Медициналық стартаптар өзге сценарий бойынша дамиды. Олар клиникалармен жұмыс істеуі, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауы және шешімдерді әзірлеуге негіз болатын деректерге қол жеткізуі қажет. Бүгінде мұндай жағдайлар іс жүзінде жоқ. Сондықтан біздің міндетіміз – осы инфрақұрылымды қалыптастырып, заңнаманы жетілдіру бағытында мемлекетпен бірлесіп жұмыс істеу", – деді Тоғжан Қожалы.

Арнайы медициналық құрылғылар баланың денсаулығына қатысты 15 түрлі көрсеткішті анықтап, алынған мәліметтерді бірден электронды жүйеге жібереді. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект дәрігердің қызметін алмастырмайды. Ол тек тексеру нәтижелерін талдап, ықтимал ауытқуларды анықтауға көмектесіп, дәрігерге қосымша ұсынымдар береді. Жүйе дене қызуын, қан қысымын, жүрек пен өкпенің жұмысын, ЛОР мүшелерінің және терінің жағдайын тексеріп, бойы мен салмағын автоматты түрде тіркейді.

Мұндай технология қазірдің өзінде әлемнің 78 елінде қолданылып келеді. Сондай-ақ, платформа қағаз құжат айналымын азайтуға мүмкіндік береді. Медициналық тексеру нәтижелері бірден электронды денсаулық картасына енгізілетіндіктен, ақпаратты қайта көшіру қажеттілігі болмайды және қателік жіберу қаупі төмендейді.

Жоба әзірлеушілерінің мәліметінше, осы бастама аясында қолдау тапқан медициналық шешімдердің бірі алдағы уақытта Қазақстандағы шамамен 9 мың мектепте енгізіледі. Олар бұл жоба денсаулық сақтау саласын цифрландыруды жеделдетіп, отандық ІТ-жобалар мен ғылыми зерттеулердің дамуына жаңа серпін береді деп есептейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу