Жасанды интеллект: Президент ЖОО-ларда пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін жаңартуды тапсырды

438

Цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн.  

Жасанды интеллект: Президент ЖОО-ларда пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін жаңартуды тапсырды Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында жасаған баяндамасында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейтінін баса айтты.

"Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. "Astana Hub" халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді", - деді ол.

Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын, деп жалғастырды Мемлекет басшысы.

"Университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек. Мен жуырдағы Жолдауымда кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек деген міндет жүктедім. Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болмақ", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек.

Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді.

"Бұл ретте Институт әзірлемелерін коммерцияландыру және кеңейту маңызды", - деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Айта кету керек,  Астанада Digital Bridge форумы басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу