Жасанды интеллект жай ғана жаңа технология емес – сарапшы

256

Елімізде жасанды интеллект технологиялары күнделікті өмір мен түрлі салаларға белсенді енгізіліп жатыр. Қазір оны мемлекеттік қызметтерде, білім беру жүйесінде, медицинада және бизнесте қолдану аясы кеңейіп келеді. 

Жасанды интеллект жай ғана жаңа технология емес – сарапшы Фото: ЖИ

Соның нәтижесінде Қазақстан генеративті жасанды интеллекттіні пайдалану деңгейі бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Бұл елдегі цифрлық технологияларға деген қызығушылықтың артып, жаңа мүмкіндіктерді игеру қарқынының жоғары екенін көрсетеді. Жасанды интеллект алдағы уақытта да жұмыс тиімділігін арттырып, экономиканың дамуына үлес қоспақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан жасанды интеллектіні қолданудан Орталық Азияда өңірлік көшбасшы болып отыр. Бұл туралы Microsoft жариялаған Global AI Diffusion Report есебінен белгілі болды. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елдегі еңбекке қабілетті халықтың 15,9 пайызы жасанды зерде құралдарын қолданған. Тиісті есепте Орталық Азия елдері арасында екінші орында Қырғызстан орналасқан. Үштікті Өзбекстан қорытындылайды. Одан кейінгі орындарда Тәжікстан мен Түрікменстанда тұр. Бұл Қазақстанның өңірдегі цифрлық технологияларды енгізу және генеративті жасанды интеллектті күнделікті өмір мен жұмыс үдерісінде пайдалану деңгейі бойынша алдыңғы қатарда екенін көрсетеді.

Target Information Security директоры, ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепинаның айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуда ең алдымен үш бағытқа басымдық беру керек.

"Атап айтқанда, сапалы деректер инфрақұрылымы, кадрлық база және қауіпсіз реттеу. Жасанды интеллект жай ғана жаңа технология емес, ол деректермен жұмыс істеу мәдениетін талап етеді. Егер дерек сапасыз, шашыраңқы немесе қорғалмаған болса, кез келген ЖИ шешімі қате нәтиже береді. Мемлекеттік басқаруда ЖИ-дің әлеуеті өте жоғары. Ол азаматтардың өтініштерін өңдеу, мемлекеттік қызметтерді жекелендіру, тәуекелдерді алдын ала анықтау, бюджет шығындарын талдау, алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бақылау сияқты бағыттарда тиімді қолданыла алады. Бірақ шешім қабылдауды толықтай алгоритмге тапсыру қауіпті. Жасанды интеллект көмекші құрал болуы керек, ал соңғы жауапкершілік адамда қалуы тиіс", – дейді сарапшы.

Білім беру саласында жасанды зерде оқушының деңгейіне қарай жеке оқу траекториясын құруға, мұғалімдердің жүктемесін азайтуға және білім сапасын талдауға көмектеседі. Медицинада ерте диагностика, пациент деректерін талдау, дәрігердің шешім қабылдауын қолдау бағытында пайдалы. Өнеркәсіпте өндірістік процестерді оңтайландыру, жабдықтардың істен шығуын алдын ала болжау, қауіпсіздік тәуекелдерін азайту үшін қолдануға болады, деп атап өтті Лаура Тлепина.

"Қазақстандық компанияларда жасанды интеллектіні енгізу деңгейі әзірге біркелкі емес. Ірі банктер, телеком, финтех және e-commerce секторлары бұл бағытта белсендірек деуге болады. Ал шағын және орта бизнес көбінесе дайын құралдарды ғана қолданады. Негізгі кедергілерге деректер сапасының төмендігі, маман тапшылығы, бизнес-процестердің цифрлық тұрғыдан жетілмеуі және ақпараттық қауіпсіздікке жеткілікті көңіл бөлінбеуі жатады. ЖИ дамыту үшін тек бағдарламашылар емес, data scientist, machine learning engineer, data engineer, AI product manager, киберқауіпсіздік мамандары, заңгерлер, этика және комплаенс сарапшылары қажет. Болашақта технологияны да, салалық контекстіні де түсінетін гибрид маман ең құнды маман болады", – деп түсіндірді ақпараттық қауіпсіздік аудиторы.

Сала маманы ЖИ қолданғанда деректер қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс екенін баса айтты. Оның сөзінше, жеке деректерді қорғау, қолжетімділікті шектеу, модельдердің шешімін түсіндіру, алгоритмдік әділеттілік, кемсітушілікке жол бермеу және адам бақылауын сақтау негізгі талаптар болып қала бермек. Әсіресе мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар салаларда жасанды зерде "қара жәшік" күйінде жұмыс істемеуі тиіс, дейді ол.                                                                           

"Қазақстанның отандық ЖИ шешімдерін дамытуға мүмкіндігі бар. 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманың қабылдануы, ұлттық стандарттардың енгізілуі және білім беру жүйесінде ЖИ дағдыларын кеңейту бастамалары осы бағыттың стратегиялық маңызы артқанын көрсетіп отыр. Алайда біз дайын шетелдік шешімдерді жай ғана көшірумен шектелмеуіміз керек. Қазақ және орыс тіліндегі деректер, жергілікті нарық ерекшелігі, мемлекеттік басқару мен бизнес процестерінің нақты қажеттілігі ескерілген отандық шешімдер қажет. Сонда ғана Қазақстан ЖИ-ді тұтынушы ел емес, оны өндіруші және экспорттаушы ел бола алады", – деді сарапшы Лаура Тлепина.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу