Ауғанстанның Құндыз қаласынан шыққан жасөспірім Үндістан астанасына дейін билетсіз жеткен. Ол жолаушылар ұшағының шассиі орналасқан ішкі бөлігіне тығылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
The Indian Express басылымының жазуынша, 13 жастағы бала 21 қыркүйек күні таңертең KAM Air әуе компаниясының "Кабул – Нью-Дели" бағытындағы рейсіне мінген.
Бала Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайдың ұшу алаңында серуендеп жүрген жерінен қауіпсіздік қызметіне тапсырылған. Тергеу барысында ол Кабулдан Тегеранға ұшқысы келгенін, кейін жаңылысып Делиге дейін баратын ұшаққа мініп кеткенін айтқан. Ұшаққа ол жеңіл киіммен, ешқандай жүксіз мінген.
Сарапшылар билетсіз жүрген жолаушының осындай жағдайда аман қалуын нағыз ғажапқа балап отыр. Себебі жолаушылар ұшағы 9 мыңнан 12 мың метр биіктікте ұшады.