Жасөспірім қызды қаскөйден құтқарып қалған азамат марапатталды

771

Түркістан облысында ер адам 13 жасар қызды зорламақ болған.

Жасөспірім қызды қаскөйден құтқарып қалған азамат марапатталды

Түркістан облысының тұрғыны 13 жастағы қызды зорламақ болған күдіктіні оқиға орнында ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Асылжан Қалдарбеков департаменттің мәжіліс залында Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында түнгі уақытта жасөспірім қызды зорламақшы болған тұрғынды ұстап, күдіктіні полицияға тапсырған ауыл әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлын марапаттады.

Оқиғаны тарқатып айтар болсақ, жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Содан қайтар сәтте қыз үйіне ертерек бармақшы болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалған. Осы сәтте жалғыз үйіне қайтып бара жатқан жасөспірім қыздың соңынан аяқасты белгісіз еркек шығып, шашынан тартып, шетке қарай алып шыққан. Онымен қоймай бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатады. Арам ойлы адамның қолына түскенін сезген қыз бірден айқайға басады. Ал күдікті оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге асығады. Осы кезде екі адамның арпалысып жатқан бейнесін сол аймақтан әйелімен бірге өтіп бара жатқан тұрғын байқап, бірден көмекке ұмтылады. Күдіктіге не істеп жатсың деп жүгіріп келе жатқанын көрген ол қаша жөнеледі. Содан тұрғын жерде жатқан қыздан жағдайын сұрағанында, оған күш көрсетіп, ұрып-соққанынан хабардар болады да, бір сәтке ойланбастан, қашқан күдіктінің соңынан ілеседі. 100 метрдей қашып үлгерген күдіктіні қуып жетіп, оны полицияға тапсырады.

"Кешкісін жұбайым екеуміз кетіп бара жатып көше маңынан екі адамның ұрысып-төбелесіп жатқан көріністі байқадық. Біріне көмек қажеттей сезілді. Бірден оқиға болып жатқан жаққа жүгірдім, алайда күдікті мені көрді де қашуға әрекеттенді. Бірақ оның жас қызға тиіспекші болғанын білгеннен кейін ештеңеге қарамай соңынан қудым. 100 метрдей қуып отырып, ақыры ұстадым. Полиция шақырып, оны тапсырдық", – дейді бейбіт күннің батыры.

Күдікті қамауға алынған. Аталған оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі (Зорлау) және 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу