Жасөспірім ұлдар арасындағы бәсекеде Қазақстан командасы төрт алтын медаль жеңіп алды, деп жазады Olympic.kz.
52 келідегі Руслан Күзеубаев финалда тәжікстандық Әбубәкір Мұрадовты жеңіп, құрлық додасындағы алғашқы алтынды қоржынға салды.
57 келідегі Ерасыл Ермек ақтық сында Өзбекстан өкілі Билолбек Ихволовты жеңіп, Азия чемпионы атанды.
60 келідегі Абзал Серік те өзбекстандық қарсыласынан басым түсті. Ол Бекзод Бекмұрадовты ұтып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.
Төртінші алтынды 66 келідегі Сұлтан Бабаханов жеңіп алды. Ол финалда үндістандық Джэйдип Раватты ұтқан.
54 келіде сынға түскен Нұрсұлтан Алтынбек пен 50 келідегі Абдулла Патиев тиісінше Тәжікстан және Жапония боксшыларынан жеңіліп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ал екі қола медальді 80 келіге дейінгі салмақтағы Мәди Әміров пен аса ауыр салмақтағы Роман Дияров еншілеген.