Жасөспірімдер қылмысы неге көбейді?

Әсіресе, жастардың арасында ұрлық өршіп тұр. 

Жасөспірімдер қылмысы неге көбейді? Фото: pixabay.com

Заңбұзушылыққа жол беретіндердің дені – әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардан шыққан жасөспірімдер. Сондай-ақ, биыл облыста 2 оқушының өлімі тіркелген. 

2022 жылы Қызылорда облысында жасөспірімдердің қатысуымен 38 қылмыс болса, өткен жылы оның саны 68-ге жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биылғы жылдың 3 айында өңірде бірнеше жасөспірім жан тапсырды. Ауыр санаттағы 4 қылмыс тергеліп жатыр. 

Қызылорда облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ғалымжан Нағметов бала тәрбиесіне көңіл бөлудің маңызы зор екенін айтады. 

"Қазір көп ата-ана жұмыспен жүріп, балаға уақытылы көңіл бөлмейді. Бала да өзімен сөйлескенді, оған уақыт арнағанды қалайды. Балаға тәрбие беруді әрбір ата-ана өз жауапкершілігіне алғаны жөн деп ойлаймын. Мектеп – білім беретін орын. Ал бала тәрбиесі үйдегі дастарқаннан басталуы керек. "Үлкен адам ас қайтармайынша, дастарқаннан тұрып кетпеу" деген сияқты қарапайым қағидаларды құлағына құйып өскен бала теріс әрекетке бармайды. Бұзық балалардың өзімен жылы сөйлессең, ол да бір күні теріс әрекеттен тыйылады. Қанша жерден біз қатарластары жөнінде айтқанымызбен, балалар өз ортасын тастап кетпейді", - дейді ол.

Балалар арасында ұсақ-түйек заттармен қатар, телефон, тон секілді құнды заттарды қолды ететіндер де кездесетін көрінеді. Мысалы, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында былтыр жасөспірімдердің қатысуымен 10 қылмыс тіркелсе, соның жетеуі – ұрлық дерегі. Мамандар ұрлыққа басты себеп тұрмыстағы жетіспеушілік пен қызығушылық екенін айтып отыр. 
Облыс бойынша 297 мемлекеттік және 31 жеке мектеп тіркелген. Барлық мектеп бейнебақылау камераларымен толық қамтамасыз етілген. Биыл жыл басында болған қылмыстар мектеп ауласынан тысқары жерде орын алған.

Балалардың заңды құқығы мен мүддесін қорғау, жеке өмірі мен құқығына қауіп, залал келтіру, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс: топтық төбелес, ұрлық, қоғамдық орындарды бүлдірудің алдын алу оңай жұмыс емес. Қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттер, жасөспірімдердің ата-анасының ертіп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына қатысты мамандар түрлі кездесулер ұйымдастырып, әрдайым түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу