Үндістанның астанасы Нью - Дели қаласында велоспорттан ерлер арасында өткен Азия кубогында Қызылорда қаласындағы № 3 облыстық велоспорт жөніндегі олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы Асылхан Тұрар алтын медаль иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол велоспорттың ең ауыр түрі - омниум жарысында жеңімпаз атанып, еліміздің абыройын асқақтатты. Сондай-ақ, жекелей жарыста қола жүлдені еншілеп, Қазақстан құрамасының қоржынындағы жүлделер санын толықтырды.
Асылхан Тұрар велоспорттан жастар арасында 4 дүркін, ересектер арасында 4 дүркін Қазақстан жеңімпазы. Тайландта жастар арасында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Оның бапкері жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы Жандос Махамбетов. Енді Асылхан қараша айында өтетін әлем кубогында топ жаруды көздеп отыр.