14 пен 18 жас аралығындағы 1,7 млн балаға жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бүгінгі таңда ресми түрде 5 300 оқушы жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елімізде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны – 1,7 млн. Министрліктің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер бойынша бүгінгі күні ресми түрде 5 300 оқушы жұмыспен қамтылған. Жасөспірімдердің басым бөлігі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар", – деді министр.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жасөспірімдер көгалдандыру жұмысшылары, курьерлер, даяшылар, сатушы-консультанттар, аспаз көмекшілері, аниматорлар болып еңбек етеді. 14 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың ең көп саны Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында және Алматы, Астана, Шымкент қалаларында тіркелген.
"Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу мегаполистерде байқалады. Ол республика бойынша жұмыс жасайтын балалардың 59% құрайды. Себебі ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының дені мегополистерде орналасқан", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.