Жасөспірімдер суицидінің себептері және оның алдын алу шаралары

1293

Жалпы елдегі статистикаға назар аударар болсақ, жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша Ұлытау облысындағы көрсеткіш әлдеқайда төмен. 

Жасөспірімдер суицидінің себептері және оның алдын алу шаралары Фото: gospitalnaya.ru

Жалпы елдегі статистикаға назар аударар болсақ, жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша Улытау облысындағы көрсеткіш әлдеқайда төмен. 2022 жылы мұндай жағдайлар мүлде тіркелмеген, ал 2023 жылы өз-өзіне қол салу әрекеті бойынша төрт жағдай және екі  суицид оқиғасы,  биыл өз-өзіне қол салу әрекеті  бойынша үш жағдай болған. Осы әлеуметтік мәселенің себептерін және мұндай жағдайдың алдын алу жолдарын талдап көрейік.

"Суицид — бұл психологиялық, биологиялық, әлеуметтік үш компоненттен тұратын күрделі мәселе. Бірінші компонент — биологиялық, бірақ мұнда біз генетика туралы айтып отырған жоқпыз. Бірде-бір ғылыми зерттеу суицидке генетикалық бейімділікті сенімді түрде растамаған. Егер биологиялық компонентті қарастыратын болсақ, адамның жүйке жүйесінің жалпы жағдайы тұрақты, шайқалмаған болуы керек, барлық процестер қалыпты өтуі тиіс, өмір сүру үшін қажетті микроэлементтер жеткілікті болуы керек", — дейді танымал сарапшы, психолог Светлана Богатырева.

Светлана Богатырева сондай-ақ суицид мәселесінің психологиалық және әлеуметтік компоненттері жайлы да тоқталды. Психологиялық компонентке адамның ішкі күйі мен эмоционалдық фоны, қиындықтарға төзе білу қабілеті жатады. Әлеуметтік компонент адамның айналасындағы ортамен — ол орта қолайлы ма, әлде стресстік жағдай да ма, мектепте буллинг бар ма, ата-ананың қолдауы бар ма, яғни оны қошаған ортасындағы қатынасты қамтиды. Осы барлық компоненттер адамның психикасына әсер етеді, кейде әртүрлі элементтерден тұратын пазл қалыптасады, бұл нақты шешімге ықпал етеді. Светлана Богатыреваның айтуынша, суицидалды ойлар өздігінен қауіпті емес. Егер бұл мұндай ой суицидалды ниеттерге айнала бастаса, яғни адам суицид құралдары туралы ақпарат іздей бастаса, онда бұл алаңдатарлық жағдай.

(Светлана Богатырева (фото әлеуметтік желіден алынды))

"Жасөспірімдер мен балалардың суицидалды мінез-құлқында өзіндік ерекшеліктер болады, себебі жасөспірімдік кезең — бұл күрделі әрі өтпелі сәт. Гормоналдық серпілістен құндылықтары өзгереді. Бұл кезеңде —жасөспірім мінезінде ата-аналарынан алшақтап, айналасындағы әлемге, қоғамға ену, өз ұстанымдарын қалыптастыру кезең өтеді. Бұл өзгерістер жағдайды күрделендіре түседі. Егер оған сыныптастармен немесе ұстаздармен қарым-қатынасы нашарласа, үйде қолдау болмаса, ересектер тарапынан түсінбеушілік, отбасылық жанжалдар, ата-аналардың ажырасуы және зорлық-зомбылық жағдайлары қосылса, жағдай одан әрі ауырлай түсуі мүмкін", — дейді Светлана Богатырева.

Сарапшы жасөспірімнің ішкі сезімдеріне аса назар аударуға кеңес беріп отыр, себебі жасөспірім шақта олар барлық оқиғаларды өте ауыр қабылдауға бейім. Жасөспірімге әрдайым қолдау мен түсіністік барын сезіну аса маңызды, оның жалғыз қалмайтынын, оның мәселелерін шешуге қашанда қасында көмектесетін ата-аналары немесе басқа да жақындары бар екенін түсінуі керек.

(Елдегі суицид статистикасы. Қазақстан Медиа Альянсы медиаэтика тақырыбында өткізген тренингтің материалы)  

Ұлытау облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Гульмира Жаппасованың айтуынша, өңірде жасөспірімдерге түрлі қолдау қарастырылған. Мемлекеттік және әлеуметтік институттардың кешенді жұмысы қолайлы ортаны қалыптастыруға мен қолжетімді психологиялық көмек көрсетуге бағытталған. Барлық білім беру ұйымдарында психологтар мен әлеуметтік педагогтар жұмыс істейді. Өңірде мектептердегі буллингтің алдын алуға бағытталған фин тәжірибесі қабылдануда, ол KiVa (Kiusamisvaba) арнайы бағдарламасын енгізуді көздейді. Бұл бағдарлама буллингтің алдын алуға және түрлі күрделі жағдайларды шешуге бағытталған іс-әрекеттер мен нұсқаулықтарды қамтиды.

KiVa бағдарламасы өңірдегі екі мектепте пилоттық жоба ретінде іске қосылдған. Бұл бағдарлама білім беру үдерісінің барлық қатысушыларымен ақпарат алмасуды көздейді. Яғни, өзара қарым-қатынасқа қатысты оқушылардың көзқарасы мен пікірлерін анықтап, жұмыс жүргізіледі. Мектеп қызметкерлері буллингтің алдын алу және мәселені шешу үшін арнайы жұмыстар атқарады. Сондай-ақ сыныптарда ынтымақтастық әрі өзара қолдау атмосферасын қалыптастыруға бағытталған әдістемелер енгізілуде.

(Гүлмира Жаппасова (фото жеке мұрағаттан алынған)

"Сонымен қатар, "АСППМ HR +" бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламада толық құпиялылық қамтамасыз етілген — ал бұл өте маңызды. Оқушылардың аты-жөнінің орнына бағдарламада тек әрқайсысына берілген нөмірлер пайдаланылады. Бұл жеке ақпараттың таралу қауіпсіздігін сақтауға, жұмысты барынша зиянсыз жүргізуге көмектеседі", — дейді Гульмира Жаппасова.

Өз-өзіне қол салу фактілерінің алдын алуға өңірдегі қоғамдық ұйымдар мен дағдарыс орталықтары да көп көмек көрсетуде. Олар әйелдер мен балаларға, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Жезқазған қаласында Korgau әлеуметтік және психологиялық қолдау орталығы, ал Сәтпаев қаласында Qamqor әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Ал әлеуметтік жетімдік мәселесінің алдын алу бойынша "Ана үйі" ресурс орталығы жұмыс жүргізуде.

Ұлытау облысында суицид мәселелері бойынша мамандандырылған қолдау орталықтары жоқ, бірақ Гүлмира Жаппасованың айтуынша, барлық қоғамдық ұйымдар дағдарыс жағдайларына тап болған адамдарға қолдау көрсетеді.

"Осы жылдың сәуір айында президент "Салтанат Заңына" — "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" заңға қол қойды. Қазақстан халқына жолдауында әр облыста Психологиялық қолдау орталықтарын ашуды тапсырды. Біздің облыста қазір орталық орналасатын ғимарат анықталды, бұл орталықта 15 штаттық қызметкер жұмыс істейтін болады", — деп атап өтті Гүлмира Жаппасова.

(Қазақстан Медиа Альянсы медиаэтика тақырыбында өткізген тренингтің материалы)  

 Қазір шешімін күтіп тұрған мәселе — ол білікті мамандардың жетіспеушілігі. Талаптарға сәйкес, Психологиялық қолдау орталығында жұмыс тәжірибесі бар психологтар жұмыс істеуі керек.

"Суицидтің алдын алу мәселесінде кешенді жұмыс жүргізу аса маңызды", — дейді Гүлмира Жаппасова. — Сондықтан  бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде мәселелерді талқылап, оларға шешім табу мақсатында құқықтық сағаттар, мектеп психологтарымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесулер өткіземін. Ата-аналармен, студенттермен кездескенде  111 байланыс орталығының жұмысы жайлы әрдайым айтып отырамын. Бұл құпия нөмірге кез келген азамат отбасылық мәселелер, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық мәселелердің алдын алу бойынша көмек қажет болса, тәуліктің кез келген уақытында хабарласа алады. Онымен қоса,  мен қиын жағдайға тап болған балаларға көмек және қолдау көрсету жөніндегі жедел әрекет ету ведомствоаралық тобының құрамындамын. Менің байланыс нөмірім +7 776 976 7600, әрдайым байланыстамын".

"111" қызметінің операторлары Ішкі істер департаменті және өңірдегі жедел топтармен тәулік бойы байланыста болады, сонымен қатар қызметкерлер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, әкімдіктермен, өңірлік қоғамдық қабылдау орындарымен өзара жұмыс жасайды. Көмек сұраған адамға қабылданған шаралар туралы ақпарат ұсыныла отырып, міндетті түрде кері байланыс беріледі.

Мақаланың авторы Салтанат Қожахметова

Материал "Медиа дамыту қоры" КҚ қолдауы аясында Қазақстан Медиа Альянсы ұйымдастырған "Медиаэтика" тренингі нәтижесінде әзірленген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу