Жасөспірімдердің 70%-дан астамы ресми еңбек шартынсыз еңбек етеді – зерттеу

356

Заңнамалық өзгерістерді енгізу пысықталып жатыр.  

Жасөспірімдердің 70%-дан астамы ресми еңбек шартынсыз еңбек етеді – зерттеу Фото: cabar.asia

Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында ведомствоаралық іс-шаралар жоспары іске асырылып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өткен жылғы қазан айынан бастап биылғы сәуірге дейін еңбек нарығында 18 жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа қабылдау мәселелері бойынша зерттеу жүргізілген. Сауалнамаға балалар мен олардың ата-аналары арасынан 100 мыңға жуық респондент қатысты. 

"Оқушылардың еңбекке араласуына негізгі мотивация – өз қажетіне ақша табу және ата-анасына көмектесу. Сауалнамаға қатысқан 16,2% оқушылардың базалық еңбек тәжірибесі бар. Өткен жазғы кезеңде анықталғаны: жасөспірімдердің 70%-дан астамы ресми еңбек шартын жасамай жұмыс істейді. Тағы 51%-ға дейін жасөспірімдер кешкі уақытта немесе түнде жұмыс істейді. Жасөспірімнің 10%-ы жалақының тұрақсыз төленуі немесе мүлде төленбеуі жағдайларына жолығады", – деді ведомство басшысы.

Асқарбек Ертаев кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында биылдан бастап ведомствоаралық іс-шаралар жоспары іске асырылып жатқанын айтты. Жоспардың шеңберінде Еңбек кодексіне және "Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Заңға заңнамалық өзгерістерді енгізу пысықталып жатыр.

Өзгерістер:
1) жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қоса алғанда, кәмелетке толмағандардың қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру;
2) сақтандыру арқылы қорғауды алатын кәмелетке толмағандардың құқықтарын бекіту;
3) жас мөлшерін, атқаратын жұмысының сипатын және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамтудың рұқсат етілген және тыйым салынған нысанын нормативтік айқындауды көздейді.

Айта кету керек, бұған дейін биыл жазда 3,2 млн бала сауықтыру шараларымен қамтылатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу