Жасөспірімдердің ІІІ қысқы Олимпиадасына шығарып салу рәсімі өтті

1153

Ресми шығарып салу рәсімінде Қазақстан туы 18 жастағы шорт-трекші Санжар Жанысовқа табысталды.

Жасөспірімдердің ІІІ қысқы Олимпиадасына шығарып салу рәсімі өтті

Бүгін елордада 9-22 қаңтар күндері Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін жасөспірімдердің ІІІ қысқы Олимпиадасына Қазақстан құрамасын ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, бапкерлер мен ең жас спортшылар қатысты, деп хабарлайды olympic.kz.

Алдағы жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстан атынан спорттың 9 түрінен 26 атлет (15-18 жас аралығы) қатысады.

Ойынның ашылу және жабылу салтанаты әлем халқының олимпиадалық астанасы саналатын Лозаннада өтеді. Сондай-ақ, Лозанна Университетінің аумағында Олимпиадалық қалашық орналасады. 

"Жасөспірімдер Олимпиадасы үлкен спорттық мерекенің рухы мен атмосферасын сезінуге мүмкіндік беретін керемет дода. Бұл тәжірибе болашақта спортшыларымыз үшін үлкен көмек олары сөзсіз. Өйткені, сіздер Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғайтын болашақ жеңімпаздарсыздар", – деп атап өтті ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов. 

Ресми шығарып салу рәсімінде Қазақстан туы 18 жастағы шорт-трекші Санжар Жанысовқа табысталды. Еліміздегі ІІІ қысқы Жастар ойынының жеңімпазы барша спортшылар атынан сөз сөйледі. 

"Біз, тәуелсіз Қазақстанның спортшылары, жасөспірімдер арасындағы ІІІ қысқы Олимпиада ойындарында ең мықты атлеттерімен күш сынасып, Қазақстан халқының намысын қолдан бермей, жеңіске жетуге, туымызды тек биікте желбіретуге бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің көк байрағы маған сеніп тапсырылды, сондықтан да бұл мәртебенің қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін бүкіл жан жүрегіммен сезінемін. Отанымыздың байрағын спорт аренасының биігінде алып өтеміз және осы халықаралық сайыста абыроймен ораламыз деп уәде беремін", – деді Санжар Жанысов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу