Жасөспірімге азғындық жасаған БҚО тұрғыны 20 жылға сотталды

1017

Ол 13 жасар өгей қызын зорлаған.

Жасөспірімге азғындық жасаған БҚО тұрғыны 20 жылға сотталды

Орал қаласында 13 жасар өгей қызын зорлады деп айыпталған тұрғынды 20 жылға бас бостандығынан айырды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің жас балаға азғындық жасау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті бойынша кінәлі деп танылған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық іс бойынша процесті жабық режимде өткізді. Тергеу барысында анықталғандай, 33 жастағы ер адам 2007 жылы туған өгей қызын жалдамалы пәтерге апарып зорлайды. Арада бес күн өткеннен кейін оны тағы да жақындасуға шақырып, аудиожазба жібереді. Жасөспірім қыз қатты қиналып, өзіне өзі қол жұмсамаққа да оқталыпты.

Күдікті Аймағамбетов ешқашан еш жерде жұмыс істемеген. Әйелін үш қызының көзінше ұрып-соғумен келген. Соңғы рет жұбайын қатты соққаны соншалық, үлкен қызы оны көз жұмды деп ойлап, сол жерде өгей әкесінің оны зорлағанын айқайлап айтады. Алғашында әйел қызының сөзіне сенбеген. Алайда аудиожазбадағы еркектің бәрін ашық айтқан сөздері болған жайға оның көзін жеткізіп, кейін сотта айғақ ретінде қолданылған. Сараптама қорытындысы да Аймағамбетов кінәлі екендігін көрсетті. Соған қарамастан ол айыбын мойнына алмауда.

"Прокурор күдіктіні 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Оған қылмыстық атқару жүйесінің ең жоғары қауіпті мекемесінде өтеу жазасы белгіленді", – деді судья Бақыт Ермаханов.

Жәбірленушінің анасы баласына жәбір көрсеткен адамның ұзақ мерзімге сотталғанына қуанды. Бұған дейін ол күйеуінің түрмеден қайтып келіп, өшін алатынын ойлап, қорқып келген. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу