"Жастар 200 мың теңге айлықпен үй құнының 50%-ын жинай ала ма?" - депутат

591

Жастарға арналған бағдарламалар санын көбейту ұсынылды. 

"Жастар 200 мың теңге айлықпен үй құнының 50%-ын жинай ала ма?" - депутат Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқан жастардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Мені алаңдататын мәселе – жастардың жалдамалы пәтері. Осыған дейін депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 5 жылға пәтер берілген болатын. Бұл уақыт аралығында оларға ақша жинау мүмкіндігі берілгені мәлім. Бірақ пандемия уақытына сәйкес келді. Көбі үйде отырып қалды, кезекте тұрған азаматтар кезектен шығып кетті дегендей. Бұдан бөлек, бұл бағдарлама 29 жасқа дейін болған. Жастардың санатын 35-ке дейін көтеріп, енді олар әлі де жастар санатында, ол үйден шығу керек болады. Бірақ сол жастарымыз қазір әкімдіктің есігін тоздырып жатыр. Талай жиындар шақырып жатыр, министрліктен өкілдерді шақырды, бірақ сіздердің тараптарыңыздан ешкім келмеді. Ол жастарымыз келесі жылы қайда барады? Себебі "7-20-25"- тің жырын барлығымыз білеміз. Одан кейін 50 пайыз жинау мүмкін емес, өйткені, ол жастарға берілетін жалдамалы пәтерге норма қойылған. Айлығы 120 мың теңгеден асу керек деген", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Мұқаев жастардың жалдамалы пәтерді тегін сұрап отырмағанын баса айтты.

"Мысалы, қазір "Отбасы банкке" барады, үй бағасының 50 пайызын жинау керек. "7-20-25"-тің лимитін көріп отырсыздар. 100 млрд банктерде ары кетсе 30 секундта бітіп қалып жатыр. 200 мың теңге айлықпен сол жастарымыз үйдің 50 пайыз ақшасын жинай ала ма? Егер де оларға берілетін басқа да бағдарламалар болатын болса, үндемес едім, бұл мәселені Парламентте көтермес едім. Қаншама жастың әйелдері сол 5 жылда бала тапты, декретте отырған азаматтар да бар. Азық-түлікке 50-55 пайыз ақшамызды жұмсап отырмыз. Егер де жастарға берілетін альтернатива болса, бағдарламамен дәл қазір үй ал десе түсінер едім", -деп сұрады халық қалаулысы.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұл мәселеде азаматтар қаржылық тұрғыдан сауатты болуы керек екенін жеткізді.

"Біріншіден, егер сіздің деніңіз сау әрі жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз болса, онда пәтер сатып алу үшін ақша жинауыңыз қажет. Әркімде түрлі жағдайлар болатынын түсінемін. Бірақ мемлекет тұрғысынан қарастыратын болсақ, мүмкіндігі шектеулі балалар немесе жұмыс істеуге қабілетті әрі ақша таба алатын адамдардың біреуіне басымдық беру керек десе, кешірерсіз, онда мен мүгедек балаларды таңдайтын боламын. Бұл ұстанымды қолдауымыз керек. Сіз тағы да жеке бағдарлама ашу керек деп отырсыз. Ондай бағдарламалардың саны жеткілікті. Бұл мәселедегі ең дұрыс шешім қаржылық тұрғыдан сауатты болып, қаражат жинау қажет. Сонымен қатар, қолданыстағы бағдарламалар аясында ипотека алуға тырысу керек", - деді Қанат Шарлапаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу