Жастар блогерлерге еліктеп, жатыпішер болып барады – депутат

1488

Халық қалаулысының сөзінше, отандық заңнамада блогер мәртебесі айқындалмаған.  

Жастар блогерлерге еліктеп, жатыпішер болып барады – депутат Фото: parlam-kz

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың, Бас Прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі "хайп" ұйымдастырып әлек", - деді Мәжіліс депутаты.

Оның сөзінше, блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болған.

"Сол алаяқтарға сеніп қалған қанша адам суицид жасады, қаншасы денсаулығынан айрылды, үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз", - деп атап өтті халық қалаулысы.

Анас Баққожаевтың айтуынша, бұл қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Ол мұның бәрі елдегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан, жауапкершілікті сезінбегеннен болып отыр дейді.

Бұл ретте депутат халыққа шын жаны ашитын блогерлер бар екенін де жасырмады.

"Алайда әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы және заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда "авт. – блогерлер) ешқандай жауапкершілік жоқ. Зерттеп, шындық па, жоқ па – басын қатырмайды. Бастысы шу. Бастысы сөз", - деді ол.        

Осыған байланысты Анас Баққожаев БАҚ туралы заң жобасына жауаптылардың әрекетіне тиісті баға берілу керек деп санайды.

"Екіншіден, тез арада бұл заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз керек. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артып келеді", - деді "Ауыл" фракциясының депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу