Жастар өз ісін дөңгелетіп кете ала ма?

606

Қызылорда облысында биыл 21-35 жас аралығындағы жастар мен 600-ден астам ауыл азаматы 2,5 пайызбен несие алады деп жоспарланып отыр. Ол үшін өңірге республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінді.

Жастар  өз ісін дөңгелетіп кете ала ма? Фото: El.kz

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов мұндай қолдау аймақ тұрғындарының кәсіппен айналысуға қызығушылығын арттырады деп санайды.

"Мемлекет басшысы VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында ел дамуына үлес қосатын кәсіпкерлердің "жаңа толқынын" қалыптастыру қажет екенін айтты.

Биылдың өзінде жастар мен ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен несие беру үшін облысқа 4,3 млрд теңге бөлінді. Бұл – үлкен қолдау. Кәсіп бастаймын деген азаматтар үшін жақсы мүмкіндік", –  деді  Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов  

Кәсіпкерлер палатасының басшысы мемлекеттің қолдауы мұнымен шектелмейтінін айтты.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" аясында "Мен кәсіпкер" жобасын жүзеге асырып жатыр. Биыл осы жоба аясында 600-ге жуық қызылордалыққа қызмет көрсетуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, кеңес береміз, оқытамыз, жобасын нақты өнім шығарғанға дейін сүйемелдейміз", – деді Палата директоры.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева бізге төмендегідей мағлұмат берді:

-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап "Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру" қағидасын бекітті. Оның негізгі талабы бойынша 21-35 жас аралығындағылар қатыса алады. Жеке кәсіпкердің  кәсіпкерлігінің тіркелген уақыты 5 жылға дейін болуы тиіс. Облысымыздың жас тұрғындары несие алу үшін тиісті құжаттарын несиелендірудің сенімді өкілі ретінде танылған "Аграрлық несие корпорациясына" тапсырады. Ал негізгі шарттарына тоқталар болсақ, микрокредит мерзімі 5, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Оның ең жоғары сомасы 5 миллион теңгеге дейін бекітілген. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Бірақ кепілмен қамтамасыз етілу керек.

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкілге (агентке) микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аз кәсіпкерлер болу керек.

Құжаттарды тексеру уақыты өтінім түскен күннен бастап 3 жұмыс күнін құрайды. Қажетті қағаздары сәйкес келмеген жағдайда себептері көрсетіліп, кері қайтарылады. Ал барлық құжат ережеге сәйкес болса, 15 күн ішінде бағалау жүргізіліп, тиісті жұмыстар біткеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның қарауына жолдайды.

Әдетте, қандай да бір несие алу үшін ең бірінші қажетті құжат жинай бастайсың.  Ол үшін де уақыт керек. Ал бұл жоба бойынша қажетті құжаттар саны едәуір азайтылыпты. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ облыс бойынша филиалының директоры Маханбет Тұрмаханов құжат жинау барысы жайлы айтып өтті.

–       Құжаттар тізімі жеңілдетілген, небәрі 12. Оның көбісі кәсіпкерлердің қолында бар, кәсібін бастағаны жөніндегі талон. Біздің сайтқа кірсе, толтыратын құжаттардың үлгілері көрсетілген,– деді ол.

Мамандардың айтуынша құжат жинау барысында жастар қиындықтарға кезігуі мүмкін. Процедура 1,5 айға дейін созылатынын ескеру қажет.. 

Жалпы алғанда  биыл Қызылорда облысында 21 мен 35 жас аралығындағы 257 адамға  өз ісін дөңгелетуге 1285 млн теңге жеңілдетілген несие қаралуда.

Мақсұт Ибрашев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу