Биыл елордадағы жастар тәжірибесіне қатысамын деушілерге 71900 теңге жалақы беріледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы.
"Жастар тәжірибесіне қатысушылар барлық әлеуметтік аударымды есепке алғанда қолға 60684 теңге алады", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, жастар тәжірибесіне жасы 29-дан аспаған, жұмыссыз деп тіркелген соңғы үш жылдың түлектері ғана жіберіледі. Жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылданған жағдайда жұмыс беруші "Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне" сүйене отырып, жас маманмен еңбек келісімшартын жасайды.
Жастар тәжірибесі – алғашқы тәжірибе жинау үшін оқу орындарының түлектерін уақытша жұмыспен қамту. Өткен жылы халықты жұмыспен қамту орталығы жастар тәжірибесіне 661 адамды жіберді және олардың жалақысы 53800 теңге болды.
Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының хабарлауынша, бүгінде құқықтану, бухгалтерлік есеп және аудит, экономист, бағдарламашы, әлеуметтік жұмысшыға сұраныс бар. Тәжірибеден өту мерзімі – 6 ай.