Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова "Әйелдер ұйымдарының жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы рөлі" атты республикалық конференцияға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Конференцияға президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдері, студент жастар мен сарапшылар қатысты.
Мемлекеттік хатшы елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу жөнінде жұмыс жүргізу қажеттігі туралы міндеттер қойғанын және бұл жұмыстарға үкіметтік емес сектор мен діни бірлестіктерді белсенді атсалысуға шақырғанын атап өтті.
Бүгінде Қазақстандағы жастардың саны 4 млн. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметі бойынша, қазір жастардың 79,6%-ы діни көзқарасты жақтайды. Олардың арасындағы дінді белсенді ұстанушылар үлесі – 9,9%.
2013 жылдан бастап президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия дін істері жөніндегі өкілетті органмен бірлесіп, еліміздің 10 өңірінде "Әйел және дін" атты жобаны жүзеге асырып келеді.
Мемлекеттік хатшы жаһанданып келе жатқан әлемде сын-қатерлер үдеп тұрған қазіргідей кезеңде зайырлы Қазақстанның басты міндеті діни экстремизммен күрес саласындағы сындарлы әрі тиімді мемлекеттік саясат жүргізу болып саналатынын атап өтті.
Діндар адамдардың радикалдануына ықпал ететін негізгі ақпарат көзі интернет болып отыр. Биылғы бірінші тоқсанда қазақстандық интернет кеңістікте терроризм және экстремизм идеяларын тарату бағытындағы 100 мыңнан астам дерек анықталып, оларды жою шаралары жүргізілді. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы арқасында былтырғы 6 ай ішінде экстремизм және терроризм нышаны бар 315 қылмыс тіркелген. 12 экстремистік актінің жолы кесілді. Мемлекет тарапынан халықтың түрлі топтарының арасында мақсатты түрде алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың 32%-ы арнаулы сауықтыру шараларымен қамтылды.
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы Қазақстан Республикасындағы іс-қимылдың 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы арқасында ел тұрғындарының шамамен 90%-ын қамтыған түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілді. Сәлафийлік ағымның 70-ке жуық жетекшісі мен белсендісінің Қазақстан қоғамының құндылықтарына деген көзқарасындағы қателіктерді түзетіп, дәстүрлі түсінікке оралуына жағдай жасалды. Шетелге өтіп кетіп, террористермен бірге әскери іс-қимылдарға қатыспақ болған 91 қазақстандықтың жолына тосқауыл қойылды. Террористік және діни-экстремистік сипаты бар қылмысы үшін 123 адам сотталып, жазасын өтеуде.
Гүлшара Әбдіқалықова жастар мен әйелдердің бойында діни экстремистік ұйымдардың насихатына қарсы тұратын берік иммунитет қалыптастыру қажеттігі қазіргі маңызды міндет болып саналатынын атап өтті.
Іс-шара соңында мемлекеттік хатшы әйелдер мен жастар арасындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар нақты міндеттерді белгілеп берді.