Жастардың парламентке және жергілікті өкілетті органдарға келуіне ықпал етуге тиіспіз – Наталья Пан

910

Сенатта екі заң қабылданды.

Жастардың парламентке және жергілікті өкілетті органдарға келуіне ықпал етуге тиіспіз – Наталья Пан

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң мен "Саяси партиялар туралы" заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң қабылданды.

"Заң жобаcында партиялық сайлау тізімі бойынша әйелдер мен жастар үшін кемінде 30% мөлшеріндегі квота енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылды. Осы мақсатта, біріншіден, Сайлау туралы конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған міндетті квоталардың болуы туралы талап қойылады. Жалпы, бүгінде әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шара қабылдауда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз", – деді әділет вице-министрі Наталья Пан. 

Оның сөзінше, халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді.

"Екіншіден, енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Осы бағыттағы түзетулер "Саяси партиялар туралы" заңда көзделіп отыр. Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді", – деді Наталья Пан.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу