ШҚО-да 400-ден астам талапкер жоғары білімді тегін ала алады, деп хабарлайды ustinka.kz.
Өңір билігі кадрларды қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жоспарлап отыр. Талапкерлер С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тегін білім ала алады. Студенттерді оқытуға арналған қаражат техникалық ғылымдар мен технологиялар, білім беру, гуманитарлық ғылымдар, өнер, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер және ауыл шаруашылығымамандықтары үшін беріледі.
Жергілікті бюджеттен бөлінген білім беру грантына 5 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұдан басқа, ағымдағы жылы ШҚО басшылығы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімді кадрларды даярлау үшін қосымша 67 орынды мемлекеттік тапсырыспен оқытпақшы.
"Гранттарды берудегі негізгі мақсат - мектеп бітірушілерінің шетелдік университеттерге кетуін азайту, - деп түсіндіреді ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. - Өткен жылы басқа елге 890 бала кетсе, ал 2016 жылы 1800 талапкер кетіп қалды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов шетелге кету санын қысқарту міндетін алдына қойды".
Грант алуға өтініштерді қабылдау 5 тамызда басталды және 10 тамызға дейін жалғасады. Бағдарламаға қатысу туралы толық ақпаратты ШҚО әкімдігінің сайтынан, облыстық білім беру басқармасының сайтынан, сондай-ақ талапкерлер аталған үш жоғары оқу орындарының порталдарынан таба алады.