Астанада "J1-JASTAR1" жастарға арналған жаңа телевизиялық арнаның тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"J1-Jastar1" телеарнасы - жастардың талаптарына сай заманауи телевизиялық трендтерді тарататын, жастардың жобаларын, ой-пікірлерін қолдауға, сонымен қатар олардың арасындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа форматтағы арна. Телеарна 2018 жылдың 28 наурызында ID TV платформасында, You tube пен Instagram әлеуметтік желілерінде іске қосылды. Болашақта "Отау ТВ" кабель жүйесі арқылы тарату жоспарланып отыр.
"Осындай телеарна ашуға бір күн емес, біршама уақыт дайындалдық. Жастар арнасын ашуға не себеп болды? Елімізде жастармен бірге жұмыс істейтін арнайы телеарнаның жоқтығын байқадық. Өзге бағытта да арна ашу жөнінде ойлар болғанымен, жастардың бағытымен бірге болуды шешіп, ақыры жастар арнасын ашуға бел байладық. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан нарығында көптеген телеарналар бар. Ал шын мәнінде, жастар өзінің ойын жеткізіп, бір-бірімен тіл табыса алатын, көкейіндегі сұрақтарға жауап таба алатын телеарнаның жоқтығы осы арнаны ашуға мұрындық болды. Телеарнаның ең негізгі бағыты - білім, саясат және жастардың тұрмыс-тіршілігі, жастарды ойландырып жүрген мәселелерді қаузау. Бұл жерде жастарға арналған бағдарламамен бірге, фильмдер де болады", - деді орталық коммуникациялар қызметінде телеарнаның бас директоры Ілияс Ысқақов.
"J1-Jastar1" телеарнасы, ең алдымен, 14-29 жас аралығындағы жастарға бағытталғанымен, оқушылар, студенттер, жас мамандар мен әртүрлі қызмет атқаратын жас ұрпақтың ойына немқұрайлы қарамайтын барлық жандар үшін қызықты болмақ.
Арнаның форматы - жастар өміріндегі маңызды әрі қызықты оқиғалар. Телеарнаның контенті өзіндік өндірістері ас үйі, сән мен сұлулықтан бастап шытырман, тылсым оқиғаларға, спортқа, телехикаялар мен әлемдік киноматографияның хиттеріне, әлеуметтік реалити мен отбасылық қарым-қатынас, бақыт, бала тәрбиелеу мен денсаулық туралы бағдарламалардан тұрады.
"Телеарнаға жеке инвесторлар ақша салады. Арна рейтингі жоғары әрі қызықты болуы керек деп есептейміз. Сондықтан, осылайша, демеушілер мен жарнамалар берушілерді тартқымыз келеді", - деді Ілияс Ысқақов.