Жастарға арналған жалдамалы пәтерге 1200 алматылық өтініш берген

1258

Жыл соңына дейін әкімдік жұмыс істейтін жастарға 1050 тұрғын үйдің кілтін табыс етпек. 

Жастарға арналған жалдамалы пәтерге 1200 алматылық өтініш берген

Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтерлер бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау 30 қазан мен 12 қараша аралығында жүргізілген. Бірінші кезек бойынша Алматының "Көкқайнар" шағын ауданынан 249 баспана берілмек.

"Он күннің ішінде басқарма осы пәтерлерге өтініш бергендер тізімін реттеп, балдарын есептейді. Кейін "Алматы жастары" сайтында тұрғын үй иелерінің толық тізімі жарияланады. Ал қарашаның соңына қарай бірінші кезек бойынша пәтерлердің кілтін беруді жоспарлап отырмыз", – деді Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сайделбаев.

Ал жыл соңына дейін әкімдік жұмыс істейтін жастарға 1050 тұрғын үйдің кілтін табыс етпек. Жалдамалы пәтерлердің орташа ауданы 40 шаршы метр. Бағдарламаның бірінші кезеңінде жалға беру құны 5 мың теңге болады. Келесі тұрғын үйлер бағасы салынған жылына және пәтер ауданына байланысты 5 мың мен 12 мың теңгенің арасында тұрақтайды.

Бұл ретте әкімдік жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана алғандар болашақта бұл тұрғын үйді сатып ала алмайтынын ескертті.

"Алматы мен Нұр-Сұлтанда жастар көп. Осы бес жылда оларға жеке пәтерлеріне ақша жинау үшін қолдау білдіру керек",– деді басқарма басшысының орынбасары.

Бағдарламаның талаптары бойынша үміткердің жасы 29-ға толмаған, тұрақты жұмысы бар, 2 жылдан бері қалада тіркеуде тұрған, басқа жалға алынған пәтері болмауы шарт. Бұл үйлер 5 жылға беріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу