Жаслан Мәдиев Government AI 100 халықаралық рейтингіне енді

208

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні енгізу бойынша әлемдегі үздік 100 көшбасшының қатарына кірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаслан Мәдиев Government AI 100 халықаралық рейтингіне енді Фото: primeminister.kz

Ол беделді Government AI 100 (2026) халықаралық рейтингіне AI adoption & implementation (ЖИ-ді қабылдау және енгізу) санаты бойынша енді.

Аталған рейтинг жыл сайын Apolitical халықаралық платформасымен жасақталады. Тізімге мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні стратегия, реттеу және практикалық қолдану деңгейінде дамытып жүрген әлемнің жетекші тұлғалары енгізіледі.

Халықаралық сарапшылар Жаслан Мәдиевтің мемлекеттік басқару жүйесіне ЖИ шешімдерін нақты енгізіп, оларды ауқымды түрде қолдануға жол ашқан еңбегін жоғары бағалаған. Бұл жетістік Қазақстанның деректерге негізделген басқару моделіне көшуі және жасанды интеллектіні негізгі мемлекеттік процестерге жүйелі түрде интеграциялау саясатының нәтижесі ретінде аталып отыр.

Айта кетейік, 2026 жыл Қазақстанда "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияланған. Осы кезеңде елде GovTech шешімдерінің архитектурасын қалыптастыру, ұлттық жасанды интеллект платформаларын дамыту және кадрлық әлеуетті күшейту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Government AI 100 рейтингі аясында Қазақстанның келесі бағыттардағы үлесі ерекше аталды:

  • мемлекеттік басқаруда ЖИ-ді тәжірибелік тұрғыда енгізу;

  • жасанды интеллектіні пайдаланудың нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру;

  • мемлекеттік қызметшілердің цифрлық және басқарушылық құзыреттерін дамыту;

  • ЖИ-ді этикалық, қауіпсіз және жауапты қолдану қағидаттарын орнықтыру.

Тәуелсіз сарапшылар бағалауына негізделген бұл рейтингке қазақстандық өкілдің енуі еліміздің жаһандық жасанды интеллект және цифрлық басқару саласындағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу