Қазақстанның ең таза көлдерінің бірі – Баянауыл өңіріндегі Жасыбай акваториясы 27 жылдан кейін қайта тазартыла бастады. Игі істі "Жасыл ел" жасақтарының өкілдері мен бір топ павлодарлық дайвер қолға алды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
Осыдан 30 жыл бұрынғы алғашқы тазалау шарасы барысында дайверлер көлдің түбінен 40 жүк көлігіне сыйатын қоқыс шығарған. Экологиялық қозғалыстың ардагері Вячеслав Матвеевтің айтуынша, сол сәтте 16 сүңгуірден құралған бастамашыл топ Жасыбайдың жағалауын ғана емес, тереңірек тұстарын да тұрмыстық қалдықтардан тазартқан екен.
"Жасыбай көлінің түбін тазалау жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік қолдау керек. Бұл істі бір реттік акция ретінде қабылдамау қажет. Тазалық жұмыстарын жүйеге келтірмесек, көлдің болашағы бұлыңғыр болмақ. Мәселен, сүңгуірлер тазалауды қолға алғысы келеді. Бірақ, кедергі болатын жайттар бар. Біздің қолымыздағы құрал-жабдықтардың барлығы Кеңес дәуірінен келе жатыр, тым ескірген, жаңарту қажет", - дейді Вячеслав Матвеев.
Сүңгуірлер бұған дейін көлдің түбінен шамамен 200 жылдық тарихы бар ескекті қайықты тауып алған. Жүзу құралы алып ағаштан ойылып жасалған.
Сүңгуірлер жасағының мүшесі Иван Давыдовтың айтуынша, бұл мәселелердің салдарынан жасақ құрамындағы сарбаздардың саны азайып кеткен.
"Көлдің айдыны таза болып көрінеді. Бірақ, судың түбі күннен күнге ластанып жатқанын біз ғана көреміз. Жасыбай көлінің бүгінгі экологиялық жағдайына бейжай қарай алмадық. Қолдан келгенше түбін қоқыстан тазалауға тырысып жатырмыз. Біз бір сағаттың ішінде төрт дайвермен осындай бір қоқыс үйіндісін жинадық", - дейді Иван Давыдов.