Жасыл желекке су баратын арықты кәсіпкер бітеп тастаған

617

Жамбыл облысында 4 мың тұрғыны бар алқап жұрты арықтың аузы-мұрнын бітеген кәсіпкерге наразы.

Жасыл желекке су баратын арықты кәсіпкер бітеп тастаған Фото: ашық дереккөзден

"Әкімнің әлі кәсіпкерге жетпейді". Жамбыл облысында 4 мың тұрғыны бар алқап жұрты арықтың аузы-мұрнын бітеген кәсіпкерге наразы. Ал арықта су болмаған соң, жылма-жыл жер асты суы төмендеп, жасыл-желек қурап барады. Арыз арқалаған 60 адам жауаптыларды жиып, талаптарын ортаға тастады. 

"Бізге су керек, арықты ашу керек!". Үнжұрғасы түскен тұрғындар үндеуі бұл. Жұрт жергілікті билікке илануды қойған. Өйткені соңғы 3 жылда арық суы сарқырайды деумен ғана келіпті. Сайып келгенде су келмек түгілі, арнасын бітеп, тегістейтіндер табылыпты.

Жұрт жылма-жыл арықтың арнасын өздері аршып әлек. Бірақ бұқара бітелуі әр жерден бір бітпей қойды дейді. Мәселен дәл мына маңнан 100 метр әріге дейін арықтың аясы толық тегістелген.

Арыққа талай жылдан бері тіршілік көзі келмепті. Салдарынан жер асты суы кеміген. Бұрын 7 метрден шыққан су, енді 13 метрге төмен тартқан. Елдің егін егуі де сиреген. Тұтас алқапта құрғақшылық болуы да мүмкін.

"Мал да сусыз, бау-бақша да сусыз, адам да сусыз.Шөптің жағдайы мынау. Біздің тұрмысымызға өте қиын болып тұр",- дейді Қордай ауданының тұрғыны Ақылбай Мүңкібаев. 

Былтыр жұрт жиылып, 7 шақырым арық арнасын тазартқан. Суы қайта келуге әзір тұрғанда, кәсіпкерлердің бірі 100 метр арықты бітеп тастаған көрінеді.  

"Әкімшілік қызметкерлерінің  айтуы бойынша, бұл жерге біз лоток қойып, арық қазып береміз деп айтады. Бірақ былтырдан бері еш нәтиже жоқ",- деді Қордай ауданының тұрғыны Майдан Әмірқұлов.

Бизнес иесі құжат бойынша әрекетінің заңды екетінін айтады. Жерді 15 жыл бұрын жеке иелігіне өткізіпті. Алайда картада бар арық мемлекеттік акт құжатында жоқ екен. Ағаттыққа сол тұста жергілікті билік жол жіберген деп отыр.  

"Арық жоқ. Солай бізде гос актіде жоқ арық.  Сол үшін сұрағанбыз. Су болады ма, болмай ма деп. Сонда бізге айтқан. Су жоқ. Болмайды",-деді үзілді-кесілді кәсіпкер Саят Жетібаев.

Кәсіпкер қазір арықта су ағатынына күмәнмен қарайды. Алайда талап бойынша  бітеген арық көзін қайта ашып бермек. Шығынын да өз мойныма аламын деп отыр.

"Ол арықты мынадай күйде емес. Бірақ қазіргі талапқа сәйкес лоток қойып, бетондап, ауылға су жіберуге келіссөздер жүргізіп жатыр",- деп түсіндірді Қордай ауылы әкімінің орынбасары Әнуар Әбсейітов.

Апта соңына дейін арық сызушы келіп, су көзінің бағытын қайта сызады. Бәрі реттелсе, әкімдік тіршілік нәрін жыл соңына дейін жіберуді жоспарлап отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу