"Жасым еш кедергі емес": 88 жастағы профессор университетте сабақ береді және шаңғымен жүгіреді

518

Әлімжан Телғарин жасының ұлғайғанына қарамастан аптасына үш рет бес шақырым шаңғымен сырғанайды, коньки тебеді, волейбол ойнайды және футболға құмар.  

"Жасым еш кедергі емес": 88 жастағы профессор университетте сабақ береді және шаңғымен жүгіреді Фото: gov.kz

Салауатты өмір салтын ұстанатын 88 жастағы профессор Әлімжан Телғарин көпке үлгі болып жүр, деп жазады inbusiness.kz.

Әлімжан Телғарин жарты ғасырдан астам уақыт Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Дүниежүзілік тарих кафедрасында сабақ береді. Ол – славянтану саласындағы бірегей маман. 130-дан астам ғылыми еңбектердің авторы, сондай-ақ ондаған әдістемелік құралдар жазған.

"Жан-тәніңмен беріліп жұмыс істеу керек. Өз ісіңді сүюің қажет. Спорт, ол әрқашан менімен бірге. Мен Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезімде факультетте спортқа жауапты болдым. Көбінесе өзім футбол ойнадым, коньки тептім. Алматыда өткен алғашқы шаңғы жарыстарым 1956 жылы болды. Ал кейін Қарағандыда жоғары оқу орындары арасында қала чемпионы атандым. Аспирантурада маған тіпті ядро лақтыруға тура келді. Сондықтан мен көпсайысшымын деуге болады", - дейді қарағандылық тұрғын.

Әлімжан Телғарин 60 жылға жуық шаңғы спортымен айналысады. Жақында ол университет оқытушылары арасындағы қысқы спартакиадаға қатысып, бір шақырымды жүріп өтіп, үздіктердің қатарында ілікті. Ол дәстүрлі спорттық жарыстың ең егде қатысушыларының бірі болды.

Сонымен қатар Әлімжан Телғарин түрлі шахмат турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Профессордың айтуынша, шахматта интеллектуалды компонент маңызды.  Білім беру саласының құрметті қызметкері ойын барысында алға жылжу және қарсыластарды жеңу үшін 20 түрлі әдісті қолданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу