Қостанай қаласында отбасылық жатақхана өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Г.Сәтжанова есімді оқиға куәгерінің сөзінше, өрт түн ортасында шыққан. "Үйдің төменгі қабатынан ыстың иісі сезілді. Бастапқыда мән берген жоқпыз. Кенет айқай-шу басталып, тұрғындар өрттің басталғаны туралы дабыл қақты", - дейді куәгер.
Ақпаратты облыстық төтенше жағдайлар департаменті растады. Оқыс оқиға 21 тамыз күні сағат 00:39 шамасында болған.
"Қостанай қаласындағы 5 қабатты отбасылық жатақхананың 2-қабатынан өрт шықты. Пәтерден 2 бала құтқарылды. Барлығы 84 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 15 бала бар", - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметіндегілер.
Ведомствода мәлім етілгендей, өрттің нақты себептері әлі анықталып жатыр. Бастапқы болжам бойынша,балалар отты абайсыз қолданған болуы мүмкін.