Жатырында алты ісігі болған әйел аман-есен босанды

268

Алматы дәрігерлері күрделі операция барысында нәрестені дүниеге әкеліп, жатырды сақтап қалды.    

Жатырында алты ісігі болған әйел аман-есен босанды Фото: газета.ру

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған 35 жастағы әйелге күрделі операция жасап, сәбиді аман-есен дүниеге әкелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дәрігерлер жоспарлы кесарь тілігі кезінде алдымен нәрестені босандырып алып, кейін жатырдағы алты миома түйінін алып тастады. Хирургиялық араласу барысында жатырды сақтап қалу мүмкін болды.

Мамандардың айтуынша, жатыр миомасы әйелден жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Дегенмен тұрақты медициналық бақылаудың арқасында жүкті әйел баласын 37 аптаға дейін көтеріп шыққан.

Операция кезінде көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынды. Күрделі отаға үш акушер-гинеколог қатысты.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы диагнозы әйелдің ана болуына кедергі келтірмейді. Алайда жүктілік кезеңінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болу маңызды.

"Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді", – деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.

Дәрігерлердің сөзінше, заманауи емдеу әдістері мен мамандардың үйлесімді жұмысы ана мен баланың денсаулығын сақтауға мүмкіндік берген. Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу