"Жауапкершіліктің жүгі ауыр": Еліміздегі ең жас аудан әкімінің бірі сұхбат берді

448

Нұрхан Тілеумұратов Ақтөбе облысының Хромтау ауданын басқарып отыр.  

"Жауапкершіліктің жүгі ауыр": Еліміздегі ең жас аудан әкімінің бірі сұхбат берді Фото: Әзиз Жанұзақ

Ол еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Кішкене күнінен-ақ білімділігімен, алғырлығымен көзге түскен. "Елге қызмет қылсам"  деген арманы оны 2013 жылы Халықаралық бизнес университетіне алып келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ал, 2017 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Уорвик университетін, 2019 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітірді.

Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі атанды. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы болып бастаған. Көп ұзамай бөлім басшысы, басшының орынбасары,Ұлттық компаниялардың бірінің өңірлік директоры қызметтерін атқарды.2020 жылдан бастап өңірдің кәсіпкерлік саласына жауапты болды. Соңғы жарты жылдан аса уақыттан бері облыстың өндірісті ауданын басқарып отыр. Ол мемлекеттік қызметке кездейсоқ емес, жүрек қалауымен келгенін айтты. 

"Университет бітіре сала қызметімді қатардағы маман ретінде бастадым. Басқарма басшысының орынбасарына дейін өстім. 2019 жылы Президенттік жастар кадрлық резервіне өтініш бердім. Ел бойынша алғашқы іріктеуден 300 адам өтті. Оның бесеуі сол кезеңде мен қызмет етіп жүрген Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан еді. Бұл өте жоғарғы көрсеткіш,  мемлекеттік мекеменің әлеуетінің зор екенін көрсетіп берді. Біз үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылды", - дейді ол.

Мемлекеттік қызметке келгісі келетін жастардың бәрі бірдей жауапкершілік салмағын түсінеді деу қиын. "Жақсы маман болу үшін үлкен тәжірибе мен мінез керек", - деді жас әкім. Бұған дейін оған министрліктер мен Ұлттық компаниялардан да жақсы ұсыныстар түскен. Бірақ, бәрінен бас тартуға тура келіпті. Нұрхан жуырда ғана Астанада өткен Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында Мемлекет басшысының алдында сөз сөйледі. Оның бұл жиынға дайындалуына көп уақыты болмаған. Өйткені, боранның салдарынан ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, уақытының бәрін кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге жұмсады. Соған қарамастан ол үлкен жиында өзінің жас та болса тәжірибесі толысқан  маман екенін дәлелдей білді. 

"Болашақта еліміз үшін маңызды шешімдер қабылдауымыз мүмкін. Жас мамандар оған қазірден дайын болуы керек. Мен үшін ауданға бару - дұрыс шешім. Елмен етене араласып, мәселелерді көзбен көрудің жөні бөлек. Білікті жастардың бәрінің бірдей мемлекеттік қызметке келуі шарт емес. Кәсіпкерлік саласына барып-ақ үлкен іс тындыруға болады",  - деп сөзін түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу