"Жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығуы керек": Депутат ЖЭО-лардың мәселесін көтерді

349

Еліміздегі жылу орталықтарының тозығы жеткен. 

"Жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығуы керек": Депутат ЖЭО-лардың мәселесін көтерді Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров тұрғындарды жылумен қамту мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халық қалаулысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға тиісті депутаттық сауал жолдады.

"Бірінші аяз түсуімен еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал, олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл қауіпті жағдай. Былтырғы Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі.

Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 пайызға ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы бек мүмкін", - деді депутат.

Оның сөзінше, шіріген труба, ескірген қазандық, "кеңестік заманнан қалған" насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткені бәріне белгілі.

"Екіншіден, былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз. Үшіншіден, жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының "Жылумен жабдықтау саласы" бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныстар мен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ, сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік", - деп жалғастырды Мәжіліс депутаты.

Осыған байланысты, Ерлан Саиров саладағы менеджмент пен бақылауды күшейту қажет екенін баса айтты.

Ол былтыр партия өкілдері Екібастұз халқына мыңдаған үй жылытқыш пен жылы көрпе тасығанын еске салды.

"Биыл, осындай жағдайды қайталатуға Үкіметтің еш хақысы жоқ. Осы орайда, алдағы 3 ай қыс уақытына жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарының бас-қасында осы аязды күндері жүруі керек.           Екіншіден, 2022-2023 жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражаттардың есебіне қатаң анализ жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы тиіс! Осы күндері өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын "екі еселенген 24/7 режиміне" көшіру қажет", - деп түсіндірді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу