Үнемі алыстан мұнартып тұратын, басын ақ шалған Іле Алатауы анық көрініп тұр. Ауа сапасын бақылайтын халықаралық ұйым IQAir дерегінше, Алматыда ауаның ластану көрсеткіші едәуір жақсарған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Синоптиктер бір апта бұрын желтоқсанның басында "күн райы күрт құбылып", жаңбыр жауып, қар ұшқындап, жел соғатынын айтқан. Бұл қаланы тұмшалап тұрған түтін мен шаңнан арылтуға сеп болды.
Соңғы айларда Алматыдағы ауаның сапасы нашарлап, қала антирейтингтерден түспей тұрды.
Айта кетейік, 1 желтоқсаннан бастап Алматының жергілікті атқарушы органдары ауаны ластауды азайтып, автопаркті жаңарту мақсатында жаңа экологиялық ережелер енгізді. Атмосфераны қорғау ережелерін әзірлей бастады, ол құжат қазір келісіліп жатыр.
Сонымен қатар желтоқсанның алғашқы күндерінде Алматыда қатты отын пайдаланатын кәуапханаларға бақылау да күшейді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер көпшілік тамақтанатын орындарға жоспардан тыс 12 тексеріс жүргізіп, 10 заң бұзушылықты анықтаған.
Қалада сондай-ақ "Eco Almaty" ЖШС-нің жылжымалы зертханалары жұмыс істеп, зиянды қалдықтардың деңгейін тіркеп, тексеріп жүр.