Жазасын өтеп отырғандардың 49%-ы жұмыспен қамтылған

697

Олар тігін өндірісі, металл және ағаш өңдеумен және құрылыс материалдарын жасаумен айналысады.

Жазасын өтеп отырғандардың 49%-ы жұмыспен қамтылған

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев еліміздегі қылмыстық жазаны орындау функциясын құқық қорғау органы қалай атқарып жатқанын айтты. 

"Сотталған азаматтардың қамаудағы жағдайы мен құқықтық жай-күйі жақсарып келеді. Олар шағымдарын сотқа, прокуратураға немесе басқа да мемлекеттік органдарға электронды түрде бере алуы үшін  мекемелерде 48 дана арнайы терминал орнатылды. Жыл соңына дейін тағы да осындай 70-ке жуық құрылғы орнатылады. Сотталғандардың әлеуметтік байланыстарына қолдау көрсету мақсатында туыстарымен бейнебайланыс ұйымдастырылды. Бұл, әсіресе, кездесуге шектеу қойылған карантин кезінде өте өзекті", – дейді Ерлан Тұрғымбаев. 

Министрдің мәліметінше, жазасын өтеп отырғандардың 49%-ы жұмыспен қамтылған. 

"Қазір 11,2 мың сотталған адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл барлығының 49%-ы. Олар тігін өндірісі, металл және ағаш өңдеумен және құрылыс материалдарын жасаумен айналысады. Жазасын өтеп отырған адамдар жаңа мамандықтарды игеріп жатыр. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді", – деді министр. 

Сондай-ақ колониялар мен полиция бөлімшелерінде жаппай бейнебақылау орнатыла бастаған. Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, бүгінгі күні 26 мың бейнекамера орнатылғанымен, тағы 43 мың дана қажет болып тұр. Бұл жұмысты екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Нұржан Көшкенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу