Жазасын өтеп шыққандар жеке кәсіп бастады

1218

Бостандыққа оралғандар тігін цехын ашты.

Жазасын өтеп шыққандар жеке кәсіп бастады

Есірткі саудалау ісі бойынша сотталып, айыбын өтеген екібастұздық екі тұрғын – Маржан мен Гүлмира "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында "Бастау" жобасы бойынша оқудан өтіп, кейін 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Бұл сомаға тігін машиналарын сатып алып, жеке ателье ашты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Шыны керек, "Түрмеден шыққан соң не істеймін?", "Қайда барамын?", "Сотталған адамды қай мекеме жұмысқа ала қояр дейсің?" деген сан түрлі ой болды. Пробация қызметкерлері мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандарының көмегімен барлық күдік сейіліп, өмірге деген құлшыныс пайда болды. Бизнес бастауға мүмкіндік берілгені үшін қуаныштымын", дейді Маржан.

Онымен бір уақытта түрмеден шығып, серіктесі атанған Гүлмира бала кезінен тігін ісімен айналысуды армандаған екен. Бүгінде бұл арманы шынға айналды.

"Бұған дейін тар бөлмеде жұмыс істейтін едік. Қазір кең ғимаратқа көшіп, жайлы жағдайда тігетін болдық. Тұрақты клинеттер бар. Тапсырыстардың санын көбейту үшін тынбай еңбек етіп жатырмыз. Түскен табысқа жаңа құралдар, жиһаздар алу  жоспарда бар",  дейді ол.

Жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бөлім бастығы Әсет Сатыбалдин темір тордың арғы жағынан шыққан азаматтарды есепке алған кезде барлығына бірдей әлеуметтік-құқықтық көмектің көрсетілуі туралы кеңес берілетінін айтты. Мемлекеттік грант алып, кәсіп бастаудың жолдары жан-жақты түсіндірілетін көрінеді.

Соның нәтижесінде былтыр жазасын өтеп шыққан 9 адам "Бастау" бойынша білім алып, оның төртеуіне қайтарымсыз қаржы берілген екен.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу