Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ГМ-172/6 мекемесінде 105 сотталған азамат колледжді тәмамдап, алғашқы дипломын алды, деп хабарлайды Bnews.kz.
Мекемеде жүзден аса жазасын өтеуші жыл бойы мекеме жанындағы арнаулы орта білім беретін техникалық колледжде нарықта сұранысқа ие слесарь, дәнекерлеуші, кран машинисті кәсіптерін үйреніп шықты. Осыдан бір жыл бұрын мекеме жанынан ашылған оқу ордасының ұжымы түлектерді құттықтап, оларға сәттілік тілеген болатын.
"Бұл мекеме жанынан ашылған техникалық колледждің алғашқы бітірушілері. Сотталғандар салтанатты түрде өздерінің куәліктерін алды. Арасында алғаш рет мамандық иеленіп жатқандары да бар. Олар үш түрлі мамандықты игеріп, білім көкжиектерін кеңейтті. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау, олардың білім алуына мүмкіндік тудыру, жаза мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір мамандыққа баулудың маңызы зор", дейді ГМ-172/6 мекемесінің қызметкері Ербол Қожамқұлов.
Сотталғандардың бос уақыты жоқ. Қолдары қалт етсе еңбек етеді. Бұл жерде жол жиектік тасын құю, жылы жай жұмысымен айналысып, ағаш бұйымдарын жасап, тігін тігуге мүмкіндік жасалған. Қолдарына диплом алған 105 адам тек темір тордың аржағында ғана емес, бостандықта да алған білімімен жұмысқа орналаса алады.