Жаздың бірінші айы бітті, ал жылу орталықтарын жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ – Бектенов

338

Жыл басынан бері жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген.

Жаздың бірінші айы бітті, ал жылу орталықтарын жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ – Бектенов Фото: gov.kz

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылу орталықтарын жөндеу жұмыстарына тоқталып, Роман Склярға жаңа тапсырмалар берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Жаздың бірінші айы да аяқталуға жақын, алайда жылу нысандарындағы жөндеу мерзімдерінің сақталмауы алаңдатады. Екібастұз жылу орталығында жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі мамыр айынан маусым айының соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-ші жылу орталығында екінші қазандықты жөндеу жұмыстары сәуір айынан бері басталмай тұр. Ондағы турбиналарды күрделі жөндеу жұмыстары да аяқсыз қалуы мүмкін", — Олжас Бектенов. 

13 мамырда басталуы тиіс болған Тараздың 4-ші ЖЭС-індегі нөмірі бірінші турбинаны жөндеу жұмыстарынан да әлі күнге мардымды хабар жоқ. Ал Жезқазғандағы ЖЭО-ның бесінші қазандығы маусым айынан бастап қана жөндеуге қойылды. Жеке жабдықты жөндеу жұмыстарын, тіпті, жыл соңына қарай ауыстыру жоспарланған.

"Биыл мамыр айының басында, Үкімет отырысында жөндеу мерзімдерін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтындығын тапсырғанмын. Алайда оператор KEGOK бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз беттерінше өзгертуін доғармай отыр, биылдың өзінде жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген, оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған, яғни бақылау жоқ. Сондықтан Роман Скляр менің тапсырмам бойынша проблемасы жетерлік нысандарды аралап жүр, жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз етіңіздер.", — деді премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу