Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті лагерьлердің жазғы демалысқа дайындығын бақылауға кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл балаларды сауықтыру ұйымдарын (лагерь) маусымға уақтылы дайындау мақсатында комитеттің аумақтық бөлімшелері әкімдікпен бірлесіп балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша Жол карталарын әзірлеп бекітті.
Жол карталарын іске асыру шеңберінде:
– балалар демалысы объектілерінің санитариялық-техникалық жай-күйін бағалау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру;
– лагерь қызметкерлерімен оқыту және түсіндіру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ дайындықтан бастап ауысым аяқталғанға дейінгі барлық кезеңде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылау;
– балалардың тамақтану, сумен жабдықтау, медициналық қызмет көрсету және тұру жағдайларының сапасын бақылау көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда консультациялық көмек көрсету үшін әр лагерьге санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бекітілді, олар 191 лагерь өкіліне кеңес берді. Жол карталарын іске асыру бойынша мониторинг комитеттің бақылауында.
"Қазіргі уақытта комитеттің аумақтық бөлімшелерінің атына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) алуға 29 өтініш келіп түсті, оның 8-і СЭҚ алды, 17-сі қаралуда, 4-не – дәлелді бас тарту берілді. Дәлелді бас тартудың негізгі себебі – құжаттардың толық емес пакетін ұсыну, атап айтқанда жарықтандыру хаттамаларының, микроклиматтың, суды вирусологиялық зерттеудің және объектінің техникалық паспортының болмауы. Апта сайын жаңартылатын СЭҚ алған лагерьлер тізімімен комитеттің сайтында танысуға болады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, комитет жедел желі 8-27.74.7172-05 ұйымдастырды, онда лагерьлердің жұмысында қандай да бір бұзушылықтар анықталған кезде шағымдануға болады.