Жазғы каникулда балаларға қандай іс-шаралар өтеді?

756

Республиканың барлық кітапханасында ай сайын "әдеби ертеңгіліктер" өткізіледі.

Жазғы каникулда балаларға қандай іс-шаралар өтеді? Фото: google.com

Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жаз мезгілінде балаларға арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырды.

Оның сөзінше, Ұлттық музейде арнайы студиялар мен үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен бірге, ерекшелігі бар келушілер үшін "Мейірім" инклюзивті әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек, "Музейдегі мектеп күні" іс-шарасы да өтеді.

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде және Мемлекеттік орталық музейде жазғы демалыс мезгілінде экскурсиялар мен көрмелер ғана емес, "Жас экскурсия жүргізушілері", "Жас домбырашылар", "Жас өлкетанушылар" үйірмелері тегін жүргізілуде. 

"Республикалық театрлардың репертуарында жазғы демалыс кезінде "Сиқырлы терезе", "Туған күн", "Әріптер әлеміне саяхат", "Ойнайық және ойлайық", "Кішкентай Мук", "Қызық пілдің шытырман оқиғасы" сияқты спектакльдер мен қойылымдарды көрсету көзделген. Н.Сац атындағы балалар театрында "SatsComUnity" балалар театр студиясы жұмыс істейтін болады", - деді министр.

Бұдан басқа ол балаларды қорғау күніне мәдениет ұйымдары түрлі форматтағы мерекелік іс-шаралар дайындағанын жеткізді.

Еліміздің кітапханалары мен музейлерінде экскурсиялар, дәрістер және танымдық іс-шаралар жалғасады: белгілі қазақстандық суретшілердің, мүсіншілердің, өлкетанушылардың, археологтардың қатысуымен пленэрлер, "BookCrossing" акциясы, ал барлық ауылдық округтерде "Жылжымалы кітапханалар" ұйымдастырылады.

"Р.Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы "Жазғы кино" бірегей жобасын бастайды. Оның шеңберінде классикалық және анимациялық фильмдермен қатар "Қазақфильм" киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген жаңа кинокартиналар тегін көрсетіледі.

Сонымен бірге жазғы демалыс кезінде "Temps lié" кәсіби хореографиялық білім берудің халықаралық фестивалі, "Шабыт", "Astana-Merey" халықаралық конкурстары, "Ұлы дала ұрпақтары" республикалық қолөнер байқауы, "Алтын қазына" және "Арт-колонок" балалар шығармашылығы республикалық конкурстары өткізіледі", - деді ол.

Министр балаларға арналған барлық өткізілетін іс-шаралар мен жобаларға қол жеткізу тегін екенін атап өтті.

"Биыл Министрлік "Qazaqstan Jastar Fest" спорттық-жастар фестивалінің жаңа жобасына бастамашылық жасады. 

VI жазғы Спартакиада аясында "Спорттық жаз" челленджі бастау алады. Сонымен қатар 23 маусымда еліміздің барлық өңірінде елорданың 25 жылдығын мерекелеуге және Халықаралық Олимпиада күніне орайластырылған "Мен спортты таңдаймын!" республикалық акциясы басталады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған "Children Paralympic Games 2023" инклюзивті спорт фестивалі өткізіледі", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу