Оның айтуынша, жазғы сауықтыру лагеріне тегін жолдама алдымен жетім, аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар алады.
"Балалардың жазғы демалысына тегін жолдама алу үшін білім беру ұйымы басшысының атына өтінім жазу керек. Тегін жолдаманы алатындардың тізімінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар, мектептің қамқоршылық кеңесі анықтайтын өзге де санаттағы білім алушылар, тәрбиеленушілер бар", - деді Элина Паули.
Комитет төрағасы орынбасары балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру әрі жолдама беру жергілікті атқарушы органдар құзыретінде және олардың қаражатына байланысты үлестірілетінін түсіндірді.
"Жазда 11 мыңнан аса мектеп жанындағы әрі қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Биыл өткен жылмен салыстырғанда 500 мыңға артық бала лагерьде демалады, ал жазғы сауықтыру демалысымен қамтылатын балалардың жалпы саны 2 млн 300 мыңнан асады", - деді басшы.