Құрлық біріншілігі 2020 жылғы Токио Олимпиадасына ұпай беретін маңызды алты турнирдің қатарына кіреді. Қытайдағы сары құрлық додасында кімдерге сенім артамыз? Бұл туралы ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Мельников жауап берді, деп хабарлайды Olympic.kz.
"Команданы түгелдей жасақтадық. Азия біріншілігіне қатысатын спортшылар арасында Олимпиада чемпионы Рахим Нижатов, Олимпиада жүлдегері Денис Уланов пен Жазира Жапарқұл бар. Сондай-ақ, Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло да қатарға қосылды", – деді Юрий Мельников.
Жарысқа ерлерден Арлей Чонтей (55 келі), Фархад Харки (67 келі), Денис Уланов, Нұржан Сәменов (81 келі), Нижат Рахимов (89 келі), Илья Ильин, Рустам Сыбай (96 келі), Александр Зайчиков, Ибрагим Берсанов, Селімхан Абубакиров (109 келі) қатысады.
Ал қыздар арасында Зүлфия Чиншанло (55 келі), Карина Горичева (64 келі), Екатерина Столяренко, Екатерина Быкова (71 келі), Жазира Жапарқұл (76 келі), Раушан Мешітханова (81 келі), Лариса Кобелева (87 келі), Айзада Мүфтілда (+87 келі) сынға түседі екен.