Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды

1190

Ол 98 жаста болатын.

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды

Қазақтың классик жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"98 жасқа қараған шағында классик жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды", – деп жазылған Жазушылар одағы таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданы Ұланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң ауылында дуниге келді.

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты.

1956 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтын бітірді.

1962-1964 жылдары "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.

1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан "Таң-Шолпан" журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.

1947 жылдан бастап әдебиетке араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған "Курляндия" романы. Ол 1950 жылы жарық көрді. Кейін бұл шығарма қайта өңделіп, толықтырып, 1958 жылы "Күткен күн" деген атпен қайта жариялады.

"Қан мен тер" трилогиясы (1-кітап – "Ымырт", 1961; 2-кітап – "Сергелдең", 1964; 3-кітап – "Күйреу", 1970) және "Сең" (1983), "Соңғы парыз" (1999) романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тіліне аударылды. "Қан мен тер" романы бойынша жасалған инсценировкасы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында (1974 жылдан) тұрақты қойылып, экранға шығарылды.

"Соңғы парыз" роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары "Толғау" (кейіннен "Жүрегі толы жыр еді") деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты (1972). 1985 жылы "Ақбидай туралы аңыз" атты очерктер жинағы жарық көрді. Жазушы Антон Чеховтың, Максим Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

2001 жылы – Мәскеудегі халықаралық Әдеби қордың "За честь и достоинство", 2003 жылы халықаралық Михаил Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты.

1984-1994 жылдары "Қызыл Жұлдыз", "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет Белгісі", "Халықтар достығы", "Отан" ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы кеңесі президиумының құрмет грамотасымен марапатталған.

1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы атағы берілді.

2019 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – Алматы қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті жазушысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу