Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бақтияр Жүсіпов соңғы кезде елде жедел жәрдем шақыру айтарлықтай артқанын айтты.
"Биылғы жылдың бес айында жедел көмек бригадалары 3 миллионнан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Жалпы ел бойынша жедел медициналық көмек бригадалары күніне 18 мың шақыртуға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, маусым айында жедел көмек қажет еткендер саны 10%-ға өскені байқалды. Соның ішінде айтарлықтай өсім 15-22 маусым аралығында болды. Жедел бригадалар тәулігіне 22 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетуде. Өңірлер ішінде әсіресе Ақтөбе мен Қызылорда облысында және Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жедел жәрдем көмегін шақыру ерекше байқалды", – деді Бақтияр Жүсіпов.
Нұр-Сұлтан қаласының қалалық жедел медициналық жәрдем станциясың директоры Мұрат Оразбаев әріптесінің сөзін деректермен растады.
"Елдегі эпидемиололгиялық жағдайға байланысты 103 қызметінің жүктемесі артты. Маусым айынан бастап қоңыраулар шалушылар саны 4 есе көбейді. Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары күніне 4 мыңнан астам қоңырау шалады. Бригадалардың көмек көрсетуге шығуы екі жарым есе артып, 3 мыңға жуық қала тұрғынына көмек көрсетеді. Бұл үлкен жүктеме", – деді Мұрат Оразбаев.
Нұржан Көшкін