ЖЭК бойынша сауда-саттық қорытындысы жарияланды

976

ЖЭК бойынша сауда-саттық қорытындысы жарияланды

Астанада 8 маусымда энергетика министрлігінің атынан Қазақстан үкіметінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы қорымен бірлесіп Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығымен ұйымдастырылған жаңартылатын энергия көздері бойынша саммит өтті.

Саммиттің жұмыс қорытындылары бойынша жобаның қатысушылары технологиялық, қаржылық, әкімшілік және өзге де нарыққа қажетті ресурстарды өзінде қамтитын, бүгінгі таңда жоқ саланы дамытудың кең ауқымды мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы туралы бірыңғай пікірге келді. Саммит жұмысының нәтижесі ретінде декларация қабылданып, онда ЖЭК саласын дамытудың бірінші мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және іске асырылуын бастау ұсынысы қамтылды. Қабылданған декларация аса маңызды проблемаларды шешуге және жаңа тетіктерді әзірлеуге – Қазақстанда жасыл энергетиканың орнықты дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.

Қазақстаннан және Германия, Италия, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, БАӘ, Армения, Әзірбайжаннан келген 20-дан астам спикерлер өз баяндамалары мен іс-шараға деген пікірлерін ұсынды.

Саммиттің ресми бөлімін Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков ашып берді.

"Бұл жерде үш жүзден астам делегат бар, олардың басым бөлігі – бүкіл әлемнен келген бизнесмендер. Біздің саммиттің қорытындылары бойынша декларация қабылданатын болады, ол ресми хатпен ҚР үкіметіне жіберіледі", - деп хабарлады Арман Қашқынбеков.

Қауымдастықтың басшысы Қазақстанда "жасыл" экономикаға көшудің тұжырымдамасы бар екендігіне, саммиттер мен форумдардың өткізіліп тұратынына назар аудартты, алайда осы уақытқа дейін саланы дамытудың бірыңғай құжаты әзірленбеген.

ҚР энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов ЖЭК бойынша бірінші қазақстандық сауда-саттықтардың қорытындысын жариялады.

"10 аукциондық сауда-саттықтың 8-і сәтті өтті. Сауда-саттықтарға жергілікті қатысушылар да, сондай-ақ халықаралық қатысушылар да үлкен қызығушылық танытты. Жалпы алғанда, аукциондарға әлемнің алты елінен келген 42 компания қатысты, олар: Ресей, Франция, Болгария, Түркия, Қытай және Қазақстан. Аукциондық сауда-саттықтардың қатысушылары 960 МВт жинақталып белгіленген қуаттың өтінімдерін ұсынды, ол сұранысты іс жүзінде төрт есеге арттырды. Электрондық сауда-саттыққа қатысқан барлық сарапшылар мен бақылаушылар аукциондарды жүргізу қағидаларының ашықтығын, қауіпсіздігі мен қарапайымдылығының жоғары деңгейін байқады", - деп атап көрсетті вице-министр.

Аукциондар топтамасының қорытындылары бойынша тарифтің төмендеуі болды: сонымен, жел-электр станцияларында ол 20%-ға, шағын СЭС - 23%-ға, күн станцияларында -  5,5%-ға азайды. 19 компания 15 жыл мерзіммен және 194 МВт жиынтық қуатпен ЖЭК электр энергиясының бірыңғай сатып алушысымен келісімшартқа қол қою мүмкіндігіне ие болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу